Alatau City Authority (ACA) мен NERO Chain графикалық процессорлардың (GPU) есептеу қуатын токендеу саласындағы ынтымақтастық көзделетін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі Корея Республикасындағы Korea FinTech Week 2026 халықаралық көрмесі аясында өтті.

Құжатқа ACA Цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асақаев пен NERO Chain-ның операциялық директоры Пол Лей (Paul Lei) қол қойды.

Келісімде әлеуетті көлемі 5 млн АҚШ долларына дейінгі GPU есептеу қуатын токендеу бойынша сынамалы жобаны пысықтау көзделеді. Техникалық пысықтауды бастау – 2026 жылға, сынамалы жобаны іске асыру 2027 жылға жоспарланған.

Жоба үшін есептеу ресурстарының белгілі бір көлеміне құқықтарды білдіретін цифрлық токендерді жасау үшін блокчейн технологиясын пайдалану қажет. Мұндай механизм деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) операторларына – жабдықты болашақта жүктеуге қаржы тартуға, ал токендерді сатып алушыларға алдын ала белгіленген талаптармен есептеу қуатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қарастырылып отырған модель аясында токендер белгіленген техникалық сипаттамалары бар GPU есептеу ресурстарымен қамтамасыз етіледі. Токендердің иелері оларды қатысушы деректерді өңдеу орталықтарында есептеу уақытының тиісті көлемін алу үшін пайдалана алады. Бұл ретте есептеу қуатының нақты берілуін тексеру механизмдерін енгізу көзделуде.

Жобаның технологиялық негізін токендерді шығаруды, беруді және өтеуді, сондай-ақ есептеу ресурстарын беру міндеттемелерінің орындалуын растауды қамтамасыз ететін NERO Chain блокчейн-инфрақұрылымын пайдалана отырып іске асыру жоспарлануда.

Alatau City Authority тарапынан ынтымақтастық цифрлық активтерді реттеу механизмдерін және токенделген операцияларды сүйемелдеу инфрақұрылымын дамытуды қоса алғанда, Alatau City арнаулы реттеушілік және институционалдық ортасын қалыптастыру аясында жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, Alatau City-де құрылатын Операциялар және токендерді сүйемелдеу орталығы (Token operation and Support Center, TOSC), сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары операторларының қатарынан технологиялық серіктес қатысады деп шамалануда.

Бастама қаланы дамытудың бастапқы кезеңдерінен бастап Alatau City экономикалық және цифрлық инфрақұрылымына токендеу механизмдерін біріктіру көзделетін Tokenization by Default («Әдепкі қалпы бойынша токендеу») токендеу тұжырымдамасын іске асыру тұрғысынан қаралады.

«Есептеу қуаты жасанды интеллект қарқынды түрде дамып жатқан тұста цифрлық экономиканың негізгі ресурстарының біріне айналуда. Tokenization by Default тұжырымдамасы аясында нақты активтердің әр алуан санаттарына токендеуді қолдану мүмкіндіктерін зерттейміз. NERO Chain-мен ынтымақтастық технологиялық, реттеушілік және операциялық аспектілерді қоса алғанда, GPU- есептеулерді токендеудің тәжірибелік моделін пысықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Alatau City Authority Цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асақаев.

Өз кезегінде NERO Chain операциялық директоры Пол Лей компанияның Alatau City-мен ынтымақтастықты дамытуға және есептеу ресурстарын токендеу саласындағы технологиялық шешімдерді сынауға мүдделі екенін атап өтті.

«Есептеу қуатының жасанды интеллект экономикасы үшін маңызы арта түсуде. Біз цифрлық активтер нақты есептеу ресурстарымен қамтамасыз етілетін оларды токендеудің айқын механизмдерін құру келешегін көріп отырмыз. Alatau City Authority-мен ынтымақтастық осындай модельді тәжірибелік пысықтау үшін мүмкіндіктер туғызады», – деп атап өтті Пол Лей.

Есептеу қуатын токендеу жер активтерін, қаржы құралдарын және басқа да нақты активтерді токендеу жобаларымен қатар Alatau City-дің цифрлық қаржылық экожүйесін дамытудың келешектегі бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.

Қол қойылған меморандумда тараптардың өзара іс-қимылының негізгі бағыттары айқындалған. Сынамалы жобаны іске асырудың нақты талаптары, техникалық параметрлері мен тәртібі кейінгі уағдаластықтар аясында келісіледі.

Alatau City Authority – арнаулы құқықтық режимді дамытуды, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді және инновациялық технологияларды енгізу үшін жағдайлар қалыптастыруды қамтамасыз ететін Alatau City-дің басқару органы. Қаланы дамыту «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жүзеге асырылады. Ресми сайт: www.alataucity.kz

NERO Chain – австралиялық Nerochain Pty Ltd компаниясы дамытатын бірінші деңгейдегі блокчейн платформа (Layer 1). Компания GPU есептеу қуатын қоса алғанда, нақты активтерді токендеу саласындағы технологиялық шешімдерге маманданған.