Alatau City Authority және Yandex Qazaqstan компаниясының өкілдері қалалық инфрақұрылымды цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және интеллектуалды қалалық сервистерді дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективаларына арналған жұмыс кездесуін өткізді. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында Alatau City Authority-дің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Баян Қоңырбаев Алатау қаласын жасанды интеллект технологиялары қаланың цифрлық инфрақұрылымына, қалалық сервистеріне және басқару жүйесіне қала дамуының ең басынан бастап кіріктірілетін AI-Native City ретінде дамыту тұжырымдамасын таныстырды.

Тұжырымдама заманауи цифрлық инфрақұрылымды құруды, интеллектуалды қалалық сервистерді дамытуды, цифрлық экономиканы қалыптастыруды және қаланы басқару тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуді көздейді.

Өз кезегінде Yandex Qazaqstan өкілдері компанияның цифрлық картография, геоаналитика, қалалық инфрақұрылымды мониторингілеу, автономды мобильділік және цифрлық сервистер саласындағы технологиялық шешімдерін көрсетті. Тараптар Alatau City-дің даму перспективаларын ескере отырып, көрсетілген технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар әрі қарай бірлесіп пысықтауға арналған тоғыз перспективалы бағытты айқындады. Қол қойылған құжаттар техникалық ақпарат алмасуға, технологиялық шешімдерді егжей-тегжейлі зерделеуге және әлеуетті пилоттық жобаларды дайындауға негіз қалайды.

Yandex Qazaqstan-мен ынтымақтастық Alatau City-дің цифрлық экожүйесін қалыптастыру және озық технологияларды қалалық инфрақұрылым мен басқару жүйесіне енгізу мүмкіндіктерін зерделеу шеңберінде қарастырылуда.