Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Alatau City-дің Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуын аяқтады. Іскерлік бағдарлама үш қаржы және өнеркәсіп орталығын – Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларын қамтыды.
Майндағы Франкфурттегі келіссөздер қорытынды кезең болды, онда қазақстандық делегация Alatau City-дің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, неміс бизнесінің инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және технологиялық жобаларды іске асыруға қатысуын талқылады.
Банктер, инвестициялық құрылымдар мен халықаралық компаниялардың өкілдері қатысқан Alatau City Investment Round Table дөңгелек үстелі аясында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақ мерзімді капиталды тарту және неміс қаржы құралдарын пайдалану мәселелері қаралды.
Қанат Бозымбаев Alatau City-ді дамытудың стратегиялық басымдықтарын және қазақстан-германиялық инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын ұсынды. Alatau City Authority Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қатысушыларды қаланың тұжырымдамасымен, оны дамытудың негізгі бағыттарымен және халықаралық инвесторлар үшін жағдайлармен таныстырып өтті.
Франкфурттегі келіссөздердің қорытындысы бойынша Alatau City жобалары үшін банктік қаржыландыруды тарту туралы келісімдер жасалды. Құжаттарға Alatau City Authority, Alatau City Bank және неміс қаржы институттары – AKA Bank пен KfW (Германияның мемлекеттік даму банкі) қол қойды. Ынтымақтастық инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және неміс жабдығын сатып алуды көздейді.
Өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастық WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен талқыланды. Инженерлік және сервистік инфрақұрылымды құру, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токендеу тетіктерін енгізу және инвестициялық кеңес беруді дамыту перспективалары қаралды.
Берлин мен Майндағы Франкфурттегі іс-шараларды қамтыған роуд-шоудың германиялық кезеңі аясында инвестициялық әлеуеті $715 млн болатын 18 келісімге қол қойылды.
Жалпы алғанда, Alatau City-дің еуропалық роуд-шоуының қорытындысы бойынша жиынтық инвестициялық әлеуеті $2 млрд-тан асатын 27 коммерциялық құжаттан тұратын пакет қалыптастырылды. Ынтымақтастық қаржы секторын, инженерлік инфрақұрылымды, білім беруді, машина жасауды, денсаулық сақтауды, туризмді және цифрлық экономиканы қамтиды.





