Лондонда Алатау қаласын дамытуға халықаралық капитал тарту бойынша еуропалық роуд-шоуды ашқан Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

Инвестициялық дөңгелек үстелге JPMorgan Chase, AstraZeneca, Revolut, BP, Brookfield Asset Management-ті қоса алғанда, 70-тен астам компания, инвестициялық қор, банк және сараптамалық ұйым өкілдері қатысты. Қатысушыларға Alatau City-ді дамыту тұжырымдамасы, қаланың инвестициялық мүмкіндіктері, келешекке арналған инфрақұрылымдық жобалар және оларды іске асыруға шетелдік капиталды қатыстыру механизмдері таныстырылды.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан Alatau City-дің стратегиялық маңызына тоқталды.

«Бізің роуд-шоуды әлемдегі жетекші қаржы және құқықтық орталықтардың бірі Лондонда бастауымыз кездейсоқ емес. Ұлыбритания – біздің стратегиялық серіктесіміз. Alatau City – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылатын стратегиялық жоба. Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналуы керек жаңа бизнес, қаржы, технологиялар және логистика орталығын құрып жатырмыз», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Дөңгелек үстел аясында «Alatau City Authority» арнайы басқару ұйымының Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров заманауи инженерлік және көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік, іскерлік және логистикалық аймақтар құруды қоса алғанда, қаланы дамытудың негізгі бағыттарымен таныстырды. Arup халықаралық инженерлік-консалтингтік компаниясы қатысушыларды кеңістіктік жоспарлау және қала инфрақұрылымын дамыту тәсілдерін ұсынды. Сондай-ақ Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов холдингтің инвестициялық мүмкіндіктерін және шетелдік серіктестер үшін қолжетімді қаржыландыру құралдарын таныстырды.

Alatau City-дің басты артықшылықтарының бірі – 2026 жылғы 8 мамырдағы Конституциялық заңмен бекітілген арнаулы құқықтық режим. Онда Англия мен Уэльстің құқық қағидаттарын қолдану, инвестицияларды қорғаудың заманауи механизмдері және болжамды іскерлік ортаны қалыптастыру көзделеді.

Norton Rose Fulbright, Reed Smith және Boies Schiller Flexner халықаралық заң компанияларының қатысуымен өткен сараптамалық сессия барысында инвестиция тартудың құқықтық механизмдері, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, халықаралық төрелік, цифрлық активтерді реттеу және коммерциялық дауларды шешу талқыланды. Сондай-ақ ағылшын жалпы құқық қағидаттарын қолдана отырып, Alatau City мамандандырылған инвестициялық сотын құру келешегі қарастырылды.

Іскерлік бағдарлама аясында Лондон қор биржасының, Brookfield Asset Management, Société Générale, J.P. Morgan және Еуропа қайта құру және даму банкінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Тараптар институционалдық капиталды тарту, жобалық қаржыландыру құралдарын қолдану және халықаралық қаржы ұйымдарының қаланың энергетика, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қатысу мүмкіндіктерін қарастырды.

Іс-шара қорытындысы бойынша жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын халықаралық әріптестермен 9 келісімге қол қойылды. Уағдаластықтар инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыруды, білім беру және медициналық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты арттыруды қамтиды. Атап айтқанда, University of Exeter, Brighton College және Repton Group қатысуымен білім беру мекемелерін ашу жобаларын пысықтау көзделіп отыр. AstraZeneca-мен және Crescent Meditours-пен ынтымақтастық медициналық инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және ғылыми алмасу мәселелерін қамтиды.

Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфеліне жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба кіреді, оларды іске асыру үшін 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделуде. Мұнымен қатар қалада энергиямен жабдықтауды, сумен жабдықтауды, газбен жабдықтауды, кәріз желілерін, автомобиль жолдарын қамтитын 35,3 млрд теңге сомасындағы инженерлік және көлік инфрақұрылымының 26 жобасы іске асырылуда.

Инвестициялық роуд-шоу Ұлыбританияның мемлекеттік құрылымдарының, қаржы институттарының және стратегиялық серіктестердің өкілдерімен келіссөздермен жалғасады. Еуропалық роуд-шоудың келесі кезеңі Германиядағы инвестициялық іс-шаралар болмақ.