Alatau City Authority өкілдері Жаһандық жасыл өсу институты (Global Green Growth Institute, GGGI) ұйымдастырған Global Green Growth Week 2026 халықаралық форумына қатысты. Сапар аясында корей компанияларымен және халықаралық ұйымдармен Alatau City-де энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша келіссөздер өтті.
Негізгі нәтижелердің бірі — GGGI дөңгелек үстелінде оңтүстіккореялық Doosan Enerbility компаниясының қатысуымен жобаның техникалық-экономикалық зерттеуін (feasibility study) жүргізу жөніндегі әріптестік туралы жарияланғаны. Зерттеу әлеуетті жобаның техникалық және экономикалық параметрлерін, сондай-ақ оны Alatau City-де іске асыру мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
Жұмыс бағдарламасы барысында Alatau City Authority өкілдері Doosan Enerbility өндірістік қуаттарына барып, турбина өндіру технологияларымен танысты және энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Сондай-ақ Корея шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корпорациясымен (Korea Overseas Infrastructure & Urban Development Corporation, KIND) кездесу өтті. Тараптар заманауи қалалық ортаны озық қала құрылысы және цифрлық шешімдерді қолдана отырып дамытуды көздейтін K-Smart Town жобасын іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды қарады.
Бұдан басқа, Alatau City Authority өкілдері GGGI-дің Азия департаментімен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бөлімшесімен келіссөздер жүргізді. Инфрақұрылымдық жобаларды дайындауды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып халықаралық сараптаманы тартуды қоса алғанда, ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары талқыланды.
Global Green Growth Week 2026 форумына қатысу Alatau City Authority-дің халықаралық технологиялық әріптестерді тарту және жаңа қаланың орнықты дамуы үшін қажетті жобаларды дайындау жөніндегі жұмысының жалғасы болды.
Анықтама түрінде: Global Green Growth Week — Жаһандық жасыл өсу институтының (GGGI) жыл сайынғы халықаралық іс-шарасы, ол жасыл экономиканы, орнықты инфрақұрылымды, климаттық технологияларды және қаржыландыру тетіктерін дамытуға арналған.
