Alatau City Authority-дің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Баян Қоңырбаев Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресі шеңберінде «Криптоиндустрия және цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесіне интеграциялау» панельдік сессиясына қатысты. Сөз сөйлеу барысында ол токендеу технологияларын Alatau City-дің экономикалық және қаржылық инфрақұрылымына интеграциялауды көздейтін Tokenization by Default («Бастапқыдай токендеу») тұжырымдамасын таныстырды.

Тұжырымдама Мемлекет басшысының активтерді токендеу әлеуетін ашу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде әзірленді. Alatau City қолданыстағы активтер цифрлық нысанға ауыстырылатын дәстүрлі тәсілден өзгеше, токендеу тетіктерін қалалық инфрақұрылым мен экономикалық экожүйені қалыптастыру кезеңінен бастап енгізуді көздейді.

«Alatau City үшін токендеу – жеке жоба емес, қала экономикасы құрылатын қағидат. Біз токендеуді күрделі біржолғы мәміледен стандартты қалалық қызметке – цифрлық, заңды түрде қорғалған, жылдам және түсінікті қызметке айналдыруға тырысамыз», – деп атап өтті Баян Қоңырбаев.

Токендеу блокчейн технологиясын пайдалана отырып, нақты активтерге – жылжымайтын мүлік, қаржы құралдары мен қызметтерді қоса алғанда – құқықтардың цифрлық көрінісін көздейді. Мұндай тәсіл активтерді үлестерге бөлуге, инвесторлар үшін кіру шегін төмендетуге, делдалдар санын қысқартуға және капитал тарту тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Alatau City Authority өкілі хабарлағандай, Tokenization by Default тұжырымдамасы 2035 жылға қарай бес негізгі бағыт бойынша цифрлық экономикалық экожүйені қалыптастыруды көздейді: активтер мен қызметтерді токендеу, блокчейн негізіндегі төлемдерді дамыту, Web3 салық тетіктерін енгізу, криптокластер құру және жаңа технологиялық индустрияларды дамыту.

Қыркүйекте Alatau City Authority Қазақстанның Ұлттық Банкімен бірлесіп Tokenization by Default: Step 1 тұжырымдамалық құжатын дайындап, жариялады. Онда нақты активтерді токендеуге, цифрлық экономиканы дамытуға және 2027 жылдың соңына дейінгі кезеңге тиісті нормативтік ортаны қалыптастыруға қатысты негізгі тәсілдер айқындалған.

Сөз сөйлеу барысында инвесторларды қорғау тетіктеріне жеке назар аударылды. Баян Қоңырбаев биыл іске қосылатын Alatau City Authority-дің алғашқы еншілес ұйымы – Токендерді операциялық сүйемелдеу орталығының (Token Operation and Support Center) құрылатынын мәлімдеді. Ұйым токен ұстаушылардың мүдделерін қорғауды, базалық активтерді оқшаулауды және токенделген құралдармен операцияларды сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Alatau City Authority жер активтерін, облигацияларды, жеке кредиттеуді, деректер орталықтарының есептеу қуаттарын және құрылысты қаржыландыруды токендеу саласында пилоттық жобалар портфелін қалыптастыруда. Қазақстандық қор биржасымен (KASE) бірлесіп Alatau Token Exchange-ді – токенделген активтерді шығару, листингілеу және сақтау инфрақұрылымын – құру пысықталуда.

Alatau City стейблкоинін әзірлеу, трансшекаралық төлем шешімдері және цифрлық технологияларды қолдануға негізделген сақтандыру өнімдері де перспективалық бағыттар қатарында қарастырылуда. Халықаралық серіктестер бастамаларды іске асыруға тартылуда.

«Біздің мақсатымыз – Алатауды токендеудің толық циклі біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін бірінші юрисдикцияға айналдыру. Біз эмитенттермен, технологиялық серіктестермен және инвесторлармен ынтымақтастыққа ашықпыз», – деп ерекше атап өтті Баян Қоңырбаев.

Tokenization by Default тұжырымдамасын іске асыру Alatau City-де заманауи цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыруға, инвестициялық құралдарға қолжетімділікті кеңейтуге және цифрлық экономиканың жаңа сегменттерін дамытуға жағдай жасауға бағытталған.