БАРСЕЛОНА, 2026 жылғы 5 қараша – Алатау қаласының әкімшілігі (Alatau City Authority) Испанияның Барселона қаласындағы Fira Barcelona Gran Via көрме кешенінде 3–5 қараша аралығында өткен Smart City Expo World Congress 2026 (SCEWC 2026) Дүниежүзілік ақылды қалалар конгресі мен көрмесіне ресми қатысуын аяқтады.

Алатау қаласы әкімшілігінің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі директоры Баян Қоңырбаев бастаған делегация әлемдегі жетекші салалық алаңдардың бірінде Алатауды жасанды интеллект пен токенизация қағидаттары негізінде бастапқы кезеңнен бастап жобаланатын (AI-native) қала ретінде дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Сонымен қатар технологиялар мен инновациялар саласындағы халықаралық серіктестермен өзара түсіністік туралы төрт меморандумға (MoU) қол қойып, қалалар, халықаралық ұйымдар, жаһандық технологиялық компаниялар және қаржылық кеңесшілер өкілдерімен 20-ға жуық екіжақты кездесу өткізді.

2011 жылдан бері Smart City Expo World Congress қалалар мен қалалық инновацияларға арналған әлемдегі ең ірі әрі ықпалды іс-шара болып саналады. Конгресс жаһандық компаниялардың, мемлекеттік органдардың және стратегиялық ұйымдардың басшыларын бір алаңға біріктіреді. Іс-шараның бас ұйымдастырушысы Fira Barcelona компаниясымен бұрыннан келе жатқан әріптестігі аясында Алатау қаласының әкімшілігі конгрестің мүмкіндіктерін қаланы дамыту тұжырымдамасын ілгерілетуге, ресми сессияларда сөз сөйлеуге, Алатаудың IoT және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жөніндегі Ақ кітабын (Alatau City IoT & PPP White Paper) алдын ала таныстыруға, қалалар арасындағы әріптестікті нығайтуға және халықаралық серіктестер желісін кеңейтуге пайдаланды.

4 қарашада Баян Қоңырбаев Impact Tech Stage сахнасында «Core Digital Infrastructure» («Негізгі цифрлық инфрақұрылым») тақырыптық сессиясы аясында «Building a City from Day One: AI Native City, Infrastructure, Digital Economy & Tokenization» («Қаланы алғашқы күннен бастап құру: AI-native қала, инфрақұрылым, цифрлық экономика және токенизация») тақырыбында негізгі баяндама жасады.

Баяндамада Алатаудың даму басталған сәттен бастап қаланың физикалық және цифрлық негізін – деректерді өңдеу орталықтарын, IoT-сенсорларын, байланыс желілерін және бірыңғай деректер платформаларын – қалай қалыптастырып жатқаны көрсетілді. Сондай-ақ осы инфрақұрылымның қаланың цифрлық егіздерінің жұмыс істеуіне, жасанды интеллект негізінде қаланы басқаруға және токенизацияны әуел бастан енгізуге қалай мүмкіндік беретіні түсіндірілді. Мұндай тәсіл инфрақұрылымның орнықтылығын арттыруға, қаланың теңгерімді дамуына ықпал етуге және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

«Алатаудың цифрлық инфрақұрылымын кейіннен жаңғыртудың орнына, оны алғашқы күннен бастап жобалау мүмкіндігі бар. Бұл – сирек кездесетін артықшылық. SCEWC алаңында біз өзара үйлесімді деректерге, заттар интернетіне және цифрлық егіздерге негізделген AI-native тәсілінің жаңа қаланы неғұрлым орнықты, тиімді әрі инвесторлар үшін тартымды ете алатынын көрсеттік. Барселонада басталған әріптестік байланыстар осы тұжырымдаманы нақты пилоттық жобаларға айналдыруға көмектеседі», – деді Алатау қаласы әкімшілігінің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі директоры Баян Қоңырбаев.

Сол күні Баян Қоңырбаев Honeywell компаниясының модераторлығымен Dell Technologies, NVIDIA және Honeywell компанияларының бірлескен стендінде өткен «From Buildings, Communities to Cities: The Journey from Automation to Autonomy» («Ғимараттар мен қауымдастықтардан қалаларға дейін: автоматтандырудан автономды басқаруға көшу жолы») атты панельдік пікірталасқа қатысты.

Қатысушылар цифрлық трансформацияның интеллектуалды ғимараттар мен өзара байланысқан қауымдастықтардан деректер негізінде басқарылатын автономды қалаларға дейінгі даму жолын, сондай-ақ бұл үдерісті жүзеге асыру үшін қажетті басқару тетіктерін, операциялық модельдерді және мемлекет пен жеке сектор арасындағы өзара іс-қимыл нысандарын талқылады.

Бұдан бөлек, 3 қарашада делегация KPMG ұйымдастырған «Financing the City of the Future» («Болашақ қаланы қаржыландыру») тақырыбындағы басшыларға арналған жабық дөңгелек үстелге қатысты. Қала басшылары, инфрақұрылымдық компаниялар өкілдері мен қаржы сарапшылары қалалық басымдықтарды инвестиция үшін тартымды инфрақұрылымдық жобаларға айналдыру және жеке капиталды тарту мәселелерін талқылады.

Іс-шара аясында Алатау қаласының әкімшілігі Quectel компаниясымен, Open & Agile Smart Cities & Communities (OASC) халықаралық желісімен және Малайзияның Технологиялар мен инновациялар жөніндегі зерттеу акселераторымен (MRANTI) өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықтың бес негізгі бағыты бойынша келіссөздер жүргізіп, бірқатар бастамаларды пысықтады:

IoT желілерін дамыту және деректердің өзара үйлесімділігі

IoT шешімдерінің жаһандық жеткізушісі Quectel компаниясымен жасалған меморандум IoT құрылғылары мен байланыс жүйелерінің бірыңғай эталондық архитектурасын бірлесіп әзірлеуге негіз қалайды. Сондай-ақ ақылды жарықтандыру, ресурстарды есепке алу және қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу жүйелері енгізілетін пилоттық аудан құру көзделген. Осы ауданнан жиналған деректер Алатаудың цифрлық егізіне біріктіріледі.

Штаб-пәтері Брюссельде орналасқан қалалардың халықаралық желісі OASC ұйымымен жасалған меморандум Алатаудың деректер архитектурасы мен мемлекеттік сатып алу жүйесінде ең төменгі өзара үйлесімділік тетіктерін (Minimum Interoperability Mechanisms – MIMs) қолдануға бағытталған.

Бұдан бөлек, Deutsche Telekom, NTT DATA және ITRON компанияларымен өткен кездесулерде IoT желілеріне қосылу, қызмет ретінде ұсынылатын жеке 5G желілерінің (Network-as-a-Service) модельдері және интеллектуалды есепке алу шешімдері талқыланды.

Инновациялық сынақ алаңдары және стартап-экожүйелер

Малайзияның Ғылым, технологиялар және инновациялар министрлігі жанындағы мемлекеттік агенттік MRANTI ұйымымен жасалған меморандум бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Малайзияның Ұлттық технологиялар мен инновациялар сынақ алаңында (NTIS) және Алатаудың эксперименттік құқықтық режимдері аясында сынақтан өткен пилоттық жобалардың нәтижелерін өзара тану, стартаптар мен инвесторларға арналған инновациялық дәліз құру, сондай-ақ Куала-Лумпур мен Алатауда бірлескен технологиялық көрмелер өткізу жоспарлануда.

Цифрлық үкімет, стандарттар және қалалардың цифрлық егіздері

Абу-Даби үкіметінің интеграцияланған цифрлық мемлекеттік қызметтер платформасы TAMM өкілдерімен Alatau SuperApp суперқосымшасының тұжырымдамасы және жасанды интеллект негізінде көрсетілетін муниципалдық қызметтер талқыланды.

Халықаралық электрбайланыс одағымен (ХЭО) жүргізілген келіссөздер ақылды қалаларды бағалауға арналған U4SSC негізгі көрсеткіштеріне, цифрлық егіздердің өзара үйлесімділігіне және жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне арналды.

Францияның Еуропа және сыртқы істер министрінің орнықты қалалар мен көлік жөніндегі арнайы өкілі Жерар Вольфпен және Dassault Systèmes компаниясымен кездесулер барысында қаланың виртуалды егізін әзірлеу бойынша пилоттық жоба қарастырылды.

Делегация сондай-ақ Барселона суперкомпьютерлік орталығына (BSC) барды.

Инфрақұрылымды қаржыландыру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ)

KPMG Global, KPMG CASA және EY компанияларымен өткен екіжақты кездесулер Алатаудың инвестиция үшін тартымды инфрақұрылымдық жобаларының бастапқы портфелін қалыптастыруға, коммуналдық инфрақұрылым, ақылды жарықтандыру және көлік салаларындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік құрылымдарын әзірлеуге, сондай-ақ халықаралық инвесторларға қол жеткізу мүмкіндіктеріне арналды.

Қалалар арасындағы ынтымақтастық

Делегация Мадрид қаласы мэриясының Цифрлық кеңсесімен және Arup компаниясымен цифрлық басқару мен қаланы кешенді жоспарлау мәселелері бойынша кездесті.

Роттердам қаласының ситивёрс (cityverse) бағыты жөніндегі директорымен ситивёрс пен цифрлық егіздер саласындағы бастамалар талқыланды. Сонымен қатар LUCI қауымдастығымен және Leading Cities ұйымымен қалалық жарықтандыру бағдарламалары мен қалалардың орнықтылығын арттыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Алдағы айларда Алатау қаласының әкімшілігі қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға кіріседі. Атап айтқанда, IoT жүйелерінің эталондық архитектурасы, деректердің өзара үйлесімділігі және цифрлық егізбен интеграциялау мәселелері бойынша техникалық семинарлар өткізеді. Қазақстанда Quectel компаниясымен бірлескен пилоттық IoT жобасын дайындап, оны 2027 жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар MRANTI ұйымымен бірлескен пилоттық жобалардың бағыттары айқындалып, басым инфрақұрылымдық жобалар бойынша инвестициялық құжаттама әзірленеді.

Бұл қадамдар Алатаудың Орталық Азиядағы ақылды, орнықты және жасанды интеллект негізінде дамитын жетекші қалалық орталық ретінде қалыптасуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Smart City Expo World Congress және Fira Barcelona туралы

Smart City Expo World Congress (SCEWC) 2011 жылдан бері жыл сайын Барселона қаласында өткізіліп келеді және қалалар мен қалалық инновацияларға арналған әлемдегі ең ірі әрі ықпалды іс-шара болып табылады.

Конгресс қалалардың трансформациясын айқындайтын қала басшыларының, мемлекеттік органдардың, компаниялардың, халықаралық ұйымдар мен зерттеушілердің жаһандық қауымдастығын біріктіреді.

Конгрестің ұйымдастырушысы – Еуропадағы жетекші көрме ұйымдастырушыларының бірі Fira de Barcelona.