Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің отырысында қаланы ұзақ мерзімді дамыту, арнаулы құқықтық режимнің нормативтік базасын қалыптастыру және қаланы басқару жүйесі мәселелері қаралды.
Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қарқынды дамитын Алатау қаласы инвестициялар мен кәсіпкерлік үшін қолайлы орта болуға тиіс екені ерекше атап өтілді.
Күн тәртібінің негізгі мәселелерінің бірі Алатаудың алдағы 30 жылға арналған Ұзақ мерзімді даму жоспарының жобасы болды. Жоспар болашақ технологияларына бейімделуге қабілетті, өмір сүру үшін қолайлы жағдайларды және бизнес жүргізу үшін болжамды жағдайларды қамтамасыз ететін заманауи, инвестициялық тұрғыдан тартымды әрі тұрақты қала құруға негіз қалайды.
Құжат аумақты кешенді талдау, экономикалық және демографиялық әлеуетті бағалау, қаланың кеңістіктік құрылымын, көлік және инженерлік инфрақұрылымын әзірлеу негізінде Arup компаниясының халықаралық консультанттарымен бірлесіп дайындалды.
Жоспар жобасын әзірлеу кезіндегі негізгі міндет экономикалық даму, көліктік қолжетімділік, инфрақұрылым және қалалық ортаның сапасы тығыз өзара байланысқан тұтас әрі теңгерімді қала моделін құру болды. Жоспарлау шешімдеріне, аумақтық және экологиялық шектеулерді ескеруге, инвестициялық жобаларды біріктіруге, сондай-ақ инфрақұрылымдық қажеттіліктерді халық пен жұмыспен қамтылудың болжамды өсімімен үйлестіруге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ отырыс барысында Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимінің негізін қалыптастыруға бағытталған Реттеушілік ережелердің екі жобасы қаралды.
Бірінші құжат нормативтік құқықтық актілерге қойылатын бірыңғай талаптарды, оларды әзірлеу, қабылдау және қолдану тәртібін белгілейді. Актілерге құқықтық сараптама жүргізу, оларды жария талқылауға шығару және қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жариялау көзделеді.
Екінші жоба арнаулы құқықтық режим шеңберінде Алатау резиденттері – заңды тұлғалардың қызметін реттейді. Оны қабылдау құқықтық айқындылықты арттыруға, реттеудің ашықтығын қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Отырыста қаралған тағы бір мәселе Алатаудың нормативтік жүйесін әзірлеуге қатысатын қала әкімшілігінің алқалы басқару органы – Реттеуші комиссияны қалыптастыру болды. Кеңестің қарауына құқық, инвестициялар, қаржылық реттеу, цифрлық активтер және қала құрылысы салаларында халықаралық тәжірибесі бар комиссияның тәуелсіз мүшелерінің кандидатуралары ұсынылды. Халықаралық сарапшылардың қатысуы қаланың арнаулы құқықтық режимінің ерекшеліктері ескеріле отырып, озық реттеуші практикаларды қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ Алатау әкімшілігінің мамандандырылған органдары қызметінің ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды. Олардың қызметі жер ресурстарын басқаруды, қала құрылысын жоспарлауды, құрылыс жобаларын сүйемелдеуді, цифрлық активтерді дамытуды және халық пен бизнеске «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетуді қамтитын болады.
Кеңесте қаралған мәселелер Алатауды дамытудың институционалдық және нормативтік негізін дәйекті қалыптастыруға, болжамды іскерлік орта жасауға, қаланы басқару тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруды жеделдетуді және Алатау қаласын дамытудың стратегиялық міндеттерін дәйекті іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.





