АСТАНА – 2 қарашада Лондонда өткен Alatau City жөніндегі инвестициялық дөңгелек үстелде халықаралық серіктестермен жалпы сомасы 1,3 млрд долларды құрайтын тоғыз келісімге қол қойылды. Осылайша Қазақстан қаланы дамытуға шетелдік инвестиция тарту мақсатында еуропалық роуд-шоуды бастады.
Келісімдер инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыруды, білім беру және медициналық нысандарды дамытуды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді қамтиды.
Тараптар Эксетер университеті, Brighton College және Repton Group-пен серіктестікте оқу орындарын ашу жобаларын пысықтамақ. AstraZeneca және Crescent Meditours компанияларымен ынтымақтастық медициналық инфрақұрылымға, инвестицияларға және ғылыми алмасуға бағытталады.
Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастап барды. Ол халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдеріне Alatau City-ді дамыту тұжырымдамасын, инвестициялық мүмкіндіктерді және болашағы зор инфрақұрылымдық жобаларды таныстырды.
Бозымбаев қаланың стратегиялық маңызына тоқталды.
«Роуд-шоуды Лондоннан бастауымыз кездейсоқ емес. Бұл – әлемдегі жетекші қаржы және құқық орталықтарының бірі. Ұлыбритания – біздің стратегиялық серіктесіміз. Alatau City – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба. Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың маңызды буынына айналуы тиіс бизнес, қаржы, технология және логистиканың жаңа орталығын құрып жатырмыз», – деді Бозымбаев.
Қаланың басты артықшылықтарының бірі – конституциялық заңмен бекітілген ерекше құқықтық режим. Ол Англия мен Уэльс құқығы қағидаттарын қолдануды, инвестицияларды қорғау тетіктерін және болжамды іскерлік ортаны көздейді.
Сараптамалық сессияға Norton Rose Fulbright, Reed Smith және Boies Schiller Flexner халықаралық заң фирмалары қатысты. Талқылау инвестицияларды құқықтық реттеуге, мемлекеттік-жекешелік әріптестікке, халықаралық арбитражға, цифрлық активтерді реттеуге және коммерциялық дауларды шешуге арналды. Қатысушылар сондай-ақ Alatau City-де ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген мамандандырылған инвестициялық сот құру жоспарларын талқылады.
Бағдарлама аясында Лондон қор биржасы, Brookfield Asset Management, Société Générale, J.P. Morgan және Еуропа қайта құру және даму банкі басшыларымен кездесулер өтті. Онда институционалдық капитал тарту, жобалық қаржыландыру және халықаралық қаржы институттарының қаланың энергетикалық, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қатысу мүмкіндігі талқыланды.
Alatau City-дің инвестициялық портфелі шамамен 6,9 млрд долларды құрайтын 67 жобаны қамтиды, олар 55 000-ға жуық жұмыс орнын ашады деп күтілуде. Сонымен қатар қалада электр, су және газбен жабдықтауды, кәріз желілері мен жолдарды қамтитын, жалпы құны 35,3 млрд теңге (7,8 млн АҚШ доллары) болатын 26 инженерлік және көлік инфрақұрылымы жобасы жүзеге асырылуда.
Роуд-шоу Ұлыбританияның мемлекеттік органдарымен, қаржы институттарымен және стратегиялық серіктестермен кездесулермен жалғасады. Еуропалық роуд-шоудың келесі аялдамасы – Германия.
