«Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы, Alatau City Bank және оңтүстіккореялық Dunamu компаниясы цифрлық қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанда заманауи қаржы технологияларын қолдану мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі Сеулде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары аясында өтті.
Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі нақты активтерді токенизациялау (Real-World Assets, RWA) және токенизацияланған бағалы қағаздарды (Security Token Offerings, STO) қолдану мүмкіндіктерін зерделеу болады. Тараптар сондай-ақ стейблкоиндер, төлем шешімдері және цифрлық қаржының басқа да құралдары саласындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырады. Меморандум аясында криптовалюта биржасы Upbit операторы болып табылатын Dunamu токенизация саласындағы әлеуетті шешімдерді пысықтау және тиісті цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін технологиялық сараптама ұсынады.
Alatau City Authority реттеушілік ортаны талдауға және салалық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге, оның ішінде ықтимал реттеушілік және пилоттық тетіктерді пысықтау кезінде жәрдемдесетін болады. Alatau City Bank заңнама, реттеушілік талаптарын және коммерциялық тиімділікті ескере отырып, RWA, стейблкоиндер, төлем шешімдері, сондай-ақ цифрлық активтердің дәстүрлі қаржы жүйесімен өзара іс-қимыл жасау инфрақұрылымы саласындағы әлеуетті ынтымақтастық бағыттарын қарастырады.
«Alatau City үшін цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жаңа қалалық экономиканы қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Alatau City Bank және Dunamu-мен ынтымақтастық халықаралық технологиялық сараптаманы, қаржы инфрақұрылымын және арнаулы құқықтық режимнің мүмкіндіктерін жаңа цифрлық қаржы құралдарын зерделеу және кейіннен сынақтан өткізу үшін біріктіруге мүмкіндік береді. Біз үшін басымдық инновациялық шешімдерді енгізу және инвестициялар тарту үшін түсінікті әрі қауіпсіз орта құру болып қала береді», – деп атап өтті Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров.
Dunamu бас директоры О Гён Сок келісім компанияның технологиялық сараптамасын қазақстандық серіктестердің мүмкіндіктерімен біріктіруге, цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытудың практикалық модельдерін зерделеуге және компания технологияларын халықаралық нарықтарда қолдануды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тараптар Қазақстанның заңнамасын, реттеушілік талаптарын және институционалдық жағдайларын ескере отырып, ықтимал модельдер мен жобаларды бірлесіп зерделеуге ниетті. Нақты жобалар, оларды іске асыру тетіктері және ынтымақтастықтың одан арғы форматтары кейінгі пысықтау қорытындысы бойынша айқындалады және қажет болған жағдайда жекелеген келісімдермен бекітіледі.




