Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласы Кеңесінің отырысы өтті, онда Қазақстан Республикасының «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңын іске асыру және жаңа қаланы одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Отырыс барысында Alatau City Authority-дің Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров ұйымның ағымдағы қызметі мен 2026 жылдың соңына дейінгі жоспарлары туралы баяндады. Қазіргі уақытта Alatau City Authority қаланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру, стратегиялық даму құжаттарын әзірлеу, заманауи мемлекеттік басқару жүйесін құру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмыс жүргізуде.
Ұсынылған ақпаратты қарау қорытындысы бойынша Кеңес Alatau City Authority-дің жаңа мәртебеде одан әрі қызмет етуі үшін қажетті бірқатар шешім қабылдады. Атап айтқанда, ұйымның құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері мен басқару жүйесі айқындалған Alatau City Authority туралы ереже бекітілді. Ол бекітілген сәттен бастап Alatau City Authority мемлекеттік орган – Алатау қаласының тіршілік етуі мен дамуына жауапты арнаулы басқару ұйымы болып қайта құрылады.
Қаланы тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін Кеңес Жедел комитет пен Реттеуші комиссия құру туралы шешімдер қабылдады. Жедел комитет уақтылы шешім қабылдауды талап ететін мәселелерді қарайтын болады. Реттеуші комиссия нормативтік құқықтық актілерді қарайды және бекітеді, сондай-ақ арнаулы құқықтық режим аясында озық халықаралық тәжірибені енгізетін болады.
Өтпелі кезең мәселелерін реттеу мақсатында Кеңес Алатау қаласы әкімдігінің жанындағы Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссияны құруды қолдады. Уақытша комиссияның міндеттеріне қаланың Мастер-жоспары бекітілгенге дейін жер учаскелерін ресімдеу, жер пайдалану мәселелерін қарау және басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеу кіреді.
Кеңес отырысы барысында Алатауды одан әрі дамыту жоспарлары да ұсынылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін ARUP және BCG жетекші халықаралық консалтингтік компанияларын тарта отырып, қаланың 2055 жылға дейінгі Ұзақ мерзімді даму жоспарын, Даму стратегиясын және 2040 жылға дейінгі Мастер-жоспарын әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. Бұған қоса инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, Қытайдағы халықаралық инвестициялық роуд-шоу қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, сондай-ақ қаланың заманауи цифрлық экожүйесін құруға бағытталған K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City ауқымды жобаларын іске асыру жалғасуда.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге арнаулы құқықтық режимді одан әрі іске асыру және Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жеделдету жөнінде бірқатар тапсырма берді.



