«Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы және Mindray Medical компаниясы Alatau City-де заманауи медициналық инфрақұрылымды, цифрлық денсаулық сақтауды дамытуға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келіссөздер барысында Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров және Mindray Medical президенті У Хао өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын және компанияның жаңа қаланың денсаулық сақтау экожүйесін қалыптастыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі Medical City жобасын пысықтау болады. Тұжырымдама медициналық инфрақұрылымды, мамандар даярлауды, ғылыми-зерттеу қызметін және заманауи цифрлық технологияларды біріктіретін «Медицина – Білім – Ғылым – Digital» кіріктірілген экожүйесін құруды көздейді.

Меморандум аясында тараптар медициналық технологиялар, медициналық объектілерді жабдықтау, денсаулық сақтауды цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға ниетті. Медициналық және техникалық мамандарды даярлауға, бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізуге және Қазақстан мен Қытай ұйымдары арасында тәжірибе алмасуға ерекше назар аудару жоспарланып отыр.

Келешекте Alatau City-де қаланы Орталық Азиядағы медициналық туризм орталықтарының бірі ретінде дамыту әлеуеті қарастырылуда. Оның Алматының жанында орналасуы медициналық университеттерге, мамандарға және ғылыми-зерттеу базасына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, ал қаланы нөлден салу ірі медициналық жобалар үшін қажетті инженерлік, көліктік және цифрлық инфрақұрылымды алдын ала көздеуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындап, қол қойылған Меморандум аясында нақты бастамаларды пысықтауға кірісуге келісті.

Анықтама үшін:

Mindray Medical – медициналық технологиялар саласындағы ірі халықаралық компаниялардың бірі. 1991 жылы Шэньчжэньде құрылған компания бүгінгі таңда әлемнің 190-нан астам елі мен өңірінде жұмыс істейді. 40 елде 64 шетелдік еншілес ұйымы, 110-нан астам сервистік орталығы және шамамен 2,3 мың сервистік серіктесі бар.

Компанияның Қытайда, АҚШ-та, Германияда және Финляндияда 12 ірі ғылыми-зерттеу орталығы бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Mindray-дың зерттеулер мен әзірлемелерге инвестициялары шамамен 498 млн АҚШ долларын құрады. Компания 6 567 патент алып, шамамен 13 мың патенттік өтінім берді.

Mindray зертханалық диагностика, пациенттерді мониторингілеу және өмірлік тыныс-тіршілікті демеу, медициналық визуализация, минималды инвазивті медицина және цифрлық денсаулық сақтау салаларындағы шешімдерді дамытады. Атап айтқанда, компания медициналық ұйымдар үшін автоматтандыру, интеллектуалды медициналық визуализация және жасанды интеллект технологияларын енгізуде.