Alatau City-ді қарқынды дамитын қала ретінде дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында негізгі бағыттар бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде: базалық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту, қала құрылысын жоспарлау, цифрландыру және арнаулы реттеушілік ортаны қалыптастыру.

2026 жылы электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жол инфрақұрылымы салаларында жалпы сомасы 35,3 млрд теңгеге 26 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Қаражат бөлінді, жұмыстар жоспарлы режимде жүргізілуде. Жобалардың көпшілігі 2026 жылдың соңына дейін аяқталады, олардың бір бөлігін іске асыру 2027 жылы жалғасады. Электрмен жабдықтау саласында «Көкпа-1» қосалқы стансасын реконструкциялау жүргізілуде. Көлік блогында 61,2 км автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізу және 15 км жаңа трасса салу көзделген.

Iconic Complex флагмандық объектісінің алаңында сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және кәріз жүйелеріне уақытша қосылу аяқталды. Жер қазу жұмыстары жоғары қарқынмен, техника қауіпсіздігі талаптарына және халықаралық құрылыс стандарттарына қатаң сәйкес жүргізілуде. Қада жұмыстары 2026 жылдың соңына жоспарланған, бұл дайындық кезеңінің қарқынды жүріп жатқанын растайды. Жыл соңына дейін 11 мың текше метр бетон құю және 750 тонна болат, металл конструкциялар мен арматура жеткізу көзделген.

Құрылыспен қатар Alatau City-дің мастер-жоспары бойынша жетекші әлемдік компаниялардың қатысуымен озық халықаралық стандарттар негізінде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Жер қатынастары жөніндегі мамандандырылған сараптамалық команда құрылды, оның міндеті – Қазақстанның және шет елдердің озық тәжірибелерін ескере отырып, болашақ қаланың жүйелі және реттелген құрылымын қалыптастыру. Жайлы тұруға, өнеркәсіпті дамытуға және экологиялық талаптарды сақтауға баса назар аудара отырып, заманауи жобалық стандарттар бойынша инфрақұрылымдық дамуды бюджеттеу жұмысы жүргізілуде. Барлық негізгі бағыттар бойынша кешенді инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілуде: су ресурстары, топырақ және геологиялық жағдайлар, экологиялық ахуал және ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық шешімдер үшін сенімді аналитикалық негіз қалыптастыратын өзге де параметрлер.

Инфрақұрылымдық жоспарға Алатау қаласының қолданыстағы елді мекендерін жаңғырту объектілері іріктеп енгізілді. Аумақты ұялы байланыспен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды жақсарту заманауи қалалық ортаның ажырамас элементі ретінде жеке басымдық болып айқындалды.

K-Smart Town жобасы KIND корей мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, ауданы шамамен 330 га аумақта іске асырылуда. Аумақты дамыту тұжырымдамасы және инженерлік инфрақұрылым жоспары әзірленді. Мастер-жоспар мен техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Жоба 3,7 млн шаршы метр тұрғын үй алаңын, 500 мың шаршы метр әлеуметтік инфрақұрылымды, 1 млн шаршы метр коммерциялық объектілерді және 100 мың шаршы метр R&D объектілерін көздейді. Инвестиция көлемі – 4 млрд АҚШ долларына дейін. Болжамды халық саны – 72 мың адам.

Alatau City-дің инвестициялық портфелі жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын және шамамен 55 мың жұмыс орнын құру әлеуеті бар 67 жобаны қамтиды. Басым секторлар: жасыл энергетика, фармацевтика, логистика, деректер орталықтары және цифрлық инфрақұрылым, жоғары технологиялық агроөндіріс, сондай-ақ KAIST университеттік кампусы. Бірқатар ірі объектілер қазірдің өзінде іске асырудың белсенді кезеңінде: PepsiCo, Mars Petcare, Griffin Logopark, Danaflex, G-Trans Service және Sunny Paper зауыттары.

Белсенді құрылыстың алғашқы екі жылында айтарлықтай тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Жобаларды іске асыруға жетекші қазақстандық және халықаралық құрылыс компаниялары тартылуда. Олардың қатысуы жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға, технологиялар трансферіне және Алатау қаласының іскерлік ортасын нығайтуға ықпал етеді.

Alatau City-ге инвесторлар мен озық технологияларды тарту үшін әлемнің озық тәжірибелерін – Сингапурдың қала құрылысы моделінен Ұлыбританияның икемді реттеушілік заңнамасына дейін – біріктіретін құрылыс реттеуіне түбегейлі жаңа тәсіл енгізілуде. Бұл модель халықаралық серіктестер үшін ашық, болжамды және бәсекеге қабілетті жағдайлар жасауға тиіс. Мемлекет басшысының Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында smart city, энергетика, білім, R&D, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, қалалық мобильділік және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Ағымдағы жұмыстармен қатар 2027 жылы жобалауға және іске асыруға жоспарланған жобалардың ауқымды тізбесі пысықталуда. Бұл бастамалар қала бейнесін айтарлықтай жақсартуға – оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды: білім, денсаулық сақтау, мәдениет және қаланы абаттандыруды ауқымды жақсарту есебінен – ықпал етуге тиіс.

Alatau City-ді дамытудың жекелеген стратегиялық бағыты ретінде қаланы басқарудың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі заманауи моделін қалыптастыру айқындалуда. ЖИ құралдарын қаланы жоспарлау, инфрақұрылымдық объектілерді мониторингілеу, көлік ағындарын басқару және мемлекеттік қызметтер көрсету міндеттері үшін бейімдеу пысықталуда. Цифрлық трансформацияның негізгі элементі ретінде қаланың инженерлік, көліктік, инвестициялық және әлеуметтік жүйелерінің ақпаратын біріктіріп, үлкен деректер аналитикасы негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болатын бірыңғай қалалық деректер қоймасын құру айқындалды. Мұнымен қатар цифрлық экономиканың деректер архитектурасына, киберқауіпсіздікке және цифрлық сервистердің өзара іс-қимылына бірыңғай талаптарды бекітетін эталондық стандарттарын қалыптастыру жұмысы жүргізілуде.

Alatau City Қазақстанның жаңа іскерлік белсенділік, инновациялар және технологиялық даму орталығы ретінде құрылуда. Бүгінде қарқынды дамитын қаланың реттеушілік, инфрақұрылымдық, инвестициялық және технологиялық негізі дәйекті түрде қалыптастырылуда. Негізгі жобаларды іске асыру жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға, инвестициялар мен озық технологияларды тартуға, заманауи және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.