Alatau City-де Griffin Logopark Almaty логистикалық кешенінің алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Griffin Partners халықаралық девелоперінің жобасы қаланың заманауи қойма және көлік-логистикалық инфрақұрылымының ірі нысандарының біріне айналады.
Рәсімге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов, «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының цифрлық технологиялар және ЖИ жөніндегі бас атқарушы директоры Баян Қоңырбаев, «Алатау» арнайы экономикалық аймағы (АЭА), Griffin Partners, Еуразиялық даму банкі, IBC Real Estate өкілдері және жоба серіктестері қатысты.
Griffin Logopark Almaty кешенінің жалпы ауданы 125 мың шаршы метрден астам, ал жер учаскесінің аумағы 20 гектарды құрайды. Жоба екі кезеңмен іске асырылады. Әр кезеңнің ауданы шамамен 62,7 мың шаршы метрді құрайды. Бірінші кезеңді 2027 жылдың III тоқсанында аяқтау жоспарланған.
А+ санатындағы кешен қазақстандық және халықаралық компанияларға арналған және заманауи инженерлік инфрақұрылымы бар қойма алаңдарын қамтиды. Жоба негізгі көлік дәліздеріне жақын орналасқан: Үлкен Алматы айналма автомобиль жолынан (БАКАД) шамамен 1 км, жүк теміржол станциясынан 12,5 км және Алматы халықаралық әуежайынан 13,5 км қашықтықта. А3 Алматы – Қонаев автомагистраліне тікелей шығу мүмкіндігі қарастырылған.
«Alatau City бизнесті дамыту үшін заманауи орта ретінде қалыптасып келеді. Мұнда инвестициялық жобалар қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық қолдауға ие болуы тиіс. Griffin Logopark Almaty жобасын іске асыру қаланың көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, қазақстандық және халықаралық компанияларды орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауға және іскерлік белсенділіктің одан әрі өсуіне ықпал етеді. Alatau City Authority өз тарапынан жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деді «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының цифрлық технологиялар және ЖИ жөніндегі бас атқарушы директоры Баян Қоңырбаев.
Alatau City-де логистика экономикалық дамудың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Ірі қойма және индустриялық жобаларды іске асыру ішкі және халықаралық нарықтарда жұмыс істейтін өндірушілер, дистрибьюторлар және басқа да компаниялар үшін заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде қаланың инвестициялық портфелінде 67 жоба бар.
Griffin Partners жылжымайтын мүлік нысандарын дамыту және басқаруға маманданған. Компания 28 жыл ішінде жалпы ауданы 1,3 млн шаршы метрден астам жобаларды іске асырды, оның ішінде 500 мың шаршы метрден астам А санатындағы индустриялық және логистикалық кешендерге тиесілі.

