Alatau City-де бизнес пен инвесторларға капитал тарту, инвестициялау және есеп айырысу үшін жаңа құралдарды пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыру жоспарлануда. Оның негізгі элементтерінің бірі – токенизацияланған активтерді шығаруға және айналымға арналған мамандандырылған алаң Alatau Token Exchange by KASE. Ынтымақтастықтың тиісті бағыттары Alatau City Authority мен Қазақстан қор биржасының (KASE) меморандумында бекітілді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі Alatau Token Exchange by KASE-ні пысықтау болады. Алаң токенизацияланған активтерді шығару, айналымға жіберу және олармен сауда-саттықты ұйымдастыру үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Осылайша, Alatau City-де нақты активті токенизациялаудан және тиісті цифрлық қаржы құралын шығарудан бастап оның айналымы мен есеп айырысуларға дейінгі толық цифрлық инвестициялық контурды қалыптастыру жоспарлануда.
Жаңа инфрақұрылым Alatau City-дің нақты активтері мен жобаларын цифрлық қаржы құралдарымен байланыстыруға арналған. Келешекте токенизациялау қаланың инвестициялық, инфрақұрылымдық, логистикалық және өзге де жобаларында қолданылуы мүмкін, бұл қолданыстағы заңнама шеңберінде нақты активтерге немесе олармен байланысты қаржы құралдарына құқықтарды цифрлық нысанға ауыстыруға мүмкіндік береді.
Бизнес үшін бұл Alatau City жобаларына қаржыландыру тартудың қосымша тәсілдерін жасауы мүмкін, ал инвесторлар үшін институционалдық түрде ұйымдастырылған инфрақұрылым арқылы қаржы құралдарының жаңа түрлеріне қолжетімділікті кеңейтеді.
Alatau City Authority мен KASE арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – цифрлық қаржылық активтерді және ұлттық әрі шетел валюталарымен қамтамасыз етілген мультивалюталы стейблкоиндер желісін Alatau City-дің жобалары үшін пысықтау. Келешекте мұндай құралдар қала экожүйесіндегі цифрлық қаржылық активтермен есеп айырысулар үшін, оның ішінде халықаралық қатысуы бар жобаларда пайдаланылуы мүмкін.
KASE-мен ынтымақтастық Қазақстанның жұмыс істеп тұрған ұйымдастырылған қаржы нарығының сараптамасы мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін Alatau City-дің жаңа цифрлық қаржы экожүйесін құру кезінде пайдалануға мүмкіндік береді. Келешекте мұндай модель қала инфрақұрылымы мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық инвесторлармен және технологиялық серіктестермен өзара іс-қимылды жеңілдетіп, қала резиденттері үшін жаңа қаржы құралдарын жасауы мүмкін.
«Токенизация қалалық жобаларды қаржыландыру тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Инфрақұрылымнан бастап коммерциялық объектілерге дейінгі нақты активтер цифрлық нысанға еніп, инвестициялау үшін қолжетімдірек бола алады. KASE-мен әріптестік осы модельді Қазақстанның ұйымдастырылған қаржы нарығы инфрақұрылымының базасында пысықтауға мүмкіндік береді», – деді «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров.
Alatau City Authority мен KASE арасындағы меморандум негіздемелік сипатта бола отырып, тараптардың аталған бағыттарды бірлесіп пысықтауға мүдделілігін бекітеді. Нақты жобалар, қаржы құралдары, оларды іске асырудың шарттары мен тетіктері келесі кезеңдерде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын болады.
«Цифрлық активтер нарығы икемді әрі сенімді инфрақұрылымдық шешімдерді талап етеді. Ынтымақтастық шеңберінде біз активтерді токенизациялау және айналымға жіберу тұжырымдамасын өз базамызда пысықтауды ғана емес, сонымен қатар фиаттық валюталармен қамтамасыз етілген стейблкоиндер – тиімді есеп айырысу тетігін жасауға қатысуды жоспарлап отырмыз. Біздің басты міндетіміз – заңнама мен реттеушілік бақылаудың барлық нормаларын сақтай отырып, нарық қатысушыларына ЦФА-мен жұмыс істеу үшін жоғары технологиялық платформа ұсыну», – деді KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Қаржы құралдарын іске асыру қаржы нарығының реттеушісі ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен өзара іс-қимыл жасау арқылы, белгіленген талаптар мен ашықтық қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
KASE-мен ынтымақтастық нақты активтерді, инвестициялық жобаларды және заманауи қаржы құралдарын біріктіретін Alatau City-дің қалыптасып келе жатқан цифрлық қаржы экожүйесінің бөлігі болады. Мұндай инфрақұрылымды дамыту қазақстандық және халықаралық капиталды тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, экономиканың нақты секторы жобаларын қаржыландырудың жаңа тетіктерін жасауға мүмкіндік береді.



