«Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының цифрлық технологиялар және ЖИ жөніндегі бас атқарушы директоры Баян Қоңырбаев Алматыда KazBuild 32-ші Қазақстандық халықаралық құрылыс және интерьер көрмесі аясында өткен KAZBUILD URBAN FUTURE FORUM 2026-ға қатысты.

«Орталық Азиядағы болашақ қалалары: SmartCity, тұрақты құрылыс және жаңа қалалық орта» панельдік сессиясында Баян Қоңырбаев Alatau City-дің жаңа буын қаласын құру тәсілін таныстырды. Бұл қалада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қаланы басқару жүйесіне, инфрақұрылымға және экономикаға бастапқыдан интеграцияланады.

Сөз сөйлеудің негізгі тақырыптарының бірі AI-native city тұжырымдамасы болды. Цифрлық шешімдер қалыптасқан қалалық инфрақұрылымға енгізілетін дәстүрлі Smart City моделінен айырмашылығы, Alatau City-де цифрлық архитектура қаланың өзінің дамуымен қатар қалыптасады. Мұндай тәсілде жасанды интеллект деректерді талдау, болжау жасау және басқарушылық шешімдер қабылдау құралына айналады.

«Біз Alatau City-ді жасанды интеллекттің мүмкіндіктері ескеріле отырып, бастапқыдан құрылатын қала ретінде қарастырамыз. Бұл жекелеген цифрлық сервистердің жиынтығы туралы емес, инфрақұрылымды, деректерді, қалалық қызметтер мен экономиканы біріктіретін бірыңғай жүйе туралы болып отыр. Мұндай тәсіл деректер негізінде шешім қабылдауға, қаланың қажеттіліктерін болжауға және тұрғындар мен бизнес үшін жекелендірілген сервистер құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Баян Қоңырбаев.

Alatau City-дің цифрлық моделінің негізінде физикалық инфрақұрылымды, IoT деректерін, қаланың цифрлық сыңарын және цифрлық экономиканы байланыстыратын бірыңғай контур құру көзделіп отыр. Мұндай тәсіл қалалық инфрақұрылымнан түсетін деректерді процестерді модельдеу және қалалық сервистерді одан әрі дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Сөз сөйлеу барысында Баян Қоңырбаев цифрлық экономиканы дамытуға және нақты активтерді токенизациялауға ерекше назар аударды. Alatau City цифрлық құралдарды, оның ішінде жылжымайтын мүлік, логистика және зияткерлік меншік салаларында қолдануға болатын орта қалыптастыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Болашақта бұл инвесторлар үшін кедергілердің төмендеуіне және жаңа қаржы құралдарының дамуына ықпал етуге тиіс. Ол Alatau City-дегі цифрландыру көмекші функция ретінде емес, заманауи инфрақұрылыммен, инвестициялармен және адами капиталмен қатар қаланы дамытудың базалық элементтерінің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Бұл ретте технологиялар тұрғындар мен бизнестің нақты міндеттерін шешуге және қалалық ортаны басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс.

Alatau City Қазақстанның стратегиялық ұлттық жобасы ретінде дамып келеді. Мастер-жоспар тұжырымдамасына сәйкес, қала Green District, Growing District, Golden District және Gate District атты төрт функционалдық ауданнан тұратын болады. Қаланың жалпы аумағы 880 шаршы шақырымды құрайды. 2050 жылға қарай қала тұрғындарының саны 1,8 млн адам деңгейінде болжанып отыр, 1 млн-нан астам жұмыс орнын құру әлеуеті бар.

KAZBUILD URBAN FUTURE FORUM қатысушылары сондай-ақ Smart City-ді дамытуды, тұрақты құрылысты, жаңа сәулет стандарттарын, BIM, параметрлік жобалауды және қалалық ортаны жобалау мен дамытуда жасанды интеллектті қолдануды талқылады. Іс-шара 27 елден 350-ден астам компанияны біріктіреді. Іскерлік бағдарламаға мемлекеттік органдар мен құрылыс саласының өкілдері, девелоперлер, сәулетшілер, жобалаушылар және халықаралық сарапшылар қатысады.