Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Жетекші корей компаниялары мен институттарының қатысуымен инвестициялық жобаларды, оның ішінде Alatau City-де іске асыруға ерекше назар аударылды.
Бірлескен бастамалар қаланы дамыту, білім және ғылым, өнеркәсіп, энергетика, көлік, қонақүй инфрақұрылымы және инвестициялық қаржыландыруды қамтиды. Alatau City-ді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – заманауи экономикалық базаны қалыптастыру және сапалы жұмыс орындарын, оның ішінде жас қазақстандықтар үшін де жұмыс орындарын қалыптастыру. Жаңа қала инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысының аумағы ретінде ғана емес, сондай-ақ іскерлік белсенділік, білім, зерттеулер, инновациялар және жоғары технологиялық өндірістер орталығы ретінде қарастырылуда.
Бүгінгі таңда Alatau City-дің инвестициялық портфелі жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жобаны қамтиды. Инвестициялық бастамаларды іске асыру экономиканың жаңа салаларын дамытуға, жұмыс орындарын құруға және білікті мамандарға сұранысты қалыптастыруға ықпал етеді.
Корея Республикасымен ынтымақтастық осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі бола отырып, білім мен зерттеулерден бастап өндіріс, энергетика, қалалық мобильділік және қаржы құралдарына дейінгі тұтас экожүйені қамтиды. Негізгі бірлескен жобалардың бірі – Korea Overseas Infrastructure & Urban Development Corporation (KIND) қатысуымен іске асырылып жатқан K-Smart Town. K-City Network бағдарламасы аясында Alatau City жобасы іріктеуден өтті, содан кейін корей компаниялары мен ұйымдарының консорциумы мастер-жоспарды әзірлеу үшін құрылды.
Қазіргі уақытта консорциум Gate District-тегі ауданы шамамен 300 га аумақтың мастер-жоспарын әзірлеуде. Жоба болжамды саны шамамен 72 мың тұрғын және 51 мың жұмыс орны болатын заманауи іскерлік және инновациялық орталықты қалыптастыруды көздейді. Мастер-жоспарды әзірлеуді 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, содан кейін инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды практикалық іске асыруға көшу көзделуде.
Бірлескен жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, Qazaqstan Investment Corporation және KIND қатысуымен Қазақстандық-корейлік бірлескен инвестициялық қорын құру да пысықталуда. Қор Alatau City-дің инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларын қолдауға және корей капиталын тартуға арналған мамандандырылған қаржы құралы ретінде қарастырылуда.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – адам капиталын дамыту. Alatau City-де Корея Республикасының жетекші техникалық университеттерінің бірі Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) кампусын құру пысықталуда. Кампус Golden District-тің тірек жобаларының бірі ретінде қарастырылып, білім, ғылым, зерттеулер, инновациялар және технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін экожүйенің бөлігі болуға тиіс. Білім инфрақұрылымының айналасында R&D-орталықтар, технологиялық компаниялар мен стартаптар қалыптасады деп күтілуде, бұл түлектерге кәсіби даму мүмкіндіктерін тікелей Alatau City-де жасайды. Осылайша, міндет тек халықаралық білім институттарын тарту ғана емес, сондай-ақ алынған білім мен құзыреттер жаңа қала экономикасында сұранысқа ие болатын жағдайлар жасау болып табылады.
Ынтымақтастықтың өнеркәсіптік бағыты Hyundai Green Food жобасымен ұсынылған. Alatau City-де тамақ және косметика өнімдерін шығаратын өндірістік-логистикалық кешен құру пысықталуда. Жобаны іске асыру өндірісті локализациялауға, жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ ілеспе логистикалық және сервистік бағыттарды дамытуға ықпал етеді.
Сенімді энергетикалық базаны қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Doosan Enerbility-мен бірлесіп, кейіннен сутекті пайдалануға технологиялық көшу мүмкіндігі бар электр стансасының жобасы пысықталуда. Global Green Growth Institute (GGGI) қатысуымен жобаның техникалық-экономикалық зерттеуін қолдау мүмкіндігі қарастырылуда. Бастама Alatau City-дің энергиямен жабдықтауға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және неғұрлым төмен көміртекті энергетикалық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге жағдай жасауға бағытталған.
Корей серіктестері болашақ көлік жүйесін пысықтауға да қатысуда. Korea Airports Corporation (KAC) компаниясымен бірлесіп қалалық әуе мобильділігі Urban Air Mobility (UAM) бағыты дамытылуда. Келешекте мұндай шешімдер Alatau City-дің мультимодальды көлік жүйесінің бөлігі болып, қалалық және өңірлік мобильділіктің жаңа форматтарын қамтамасыз етуі мүмкін.
Lotte Hotels & Resorts компаниясымен бірлесіп Alatau City-де қонақүй жобасын іске асыру мүмкіндіктері пысықталуда. Заманауи қонақүй инфрақұрылымын дамыту өсіп келе жатқан іскерлік және туристік ағынға қызмет көрсету, халықаралық іс-шаралар өткізу және қаланың инвесторлары мен серіктестері үшін жайлы орта қалыптастыру үшін қажет.
Корея Республикасымен кешенді ынтымақтастық Alatau City-ді дамыту шеңберінде инвестицияларды, технологияларды, білімді және халықаралық сараптаманы біріктіруге мүмкіндік береді. Қарастырылып отырған жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, технологиялар мен құзыреттер трансферіне, заманауи қалалық инфрақұрылымды дамытуға және жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.



