Alatau City Authority және Global Digital Economy Cities Alliance (DEC40) Smart City саласындағы пилоттық жобаларды бірлесіп іске асыруды, технологиялық әріптестікті дамытуды және Alatau City-де заманауи қалалық шешімдерді енгізуге халықаралық компанияларды тартуды көздейтін Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсімі Астанада, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі DEC40 альянсымен бірлесіп ұйымдастырған Smart City Forum аясында AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумының шеңберінде өтті.
Меморандум пилоттық Smart City-шешімдерін бірлесіп пысықтау мен іске қосуға, халықаралық сараптамамен алмасуға, технологиялық әріптестікті дамытуға, сондай-ақ Alatau City үшін әлеуетті іскерлік серіктестер мен инвесторлардың экожүйесін қалыптастыруға негіз жасайды. Тараптар қалалық инфрақұрылымның тиімділігін және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған озық технологияларды практикалық қолдануға ерекше назар аударуға ниетті.
Форум аясында Smart City-шешімдеріне маманданған жетекші қытай технологиялық компанияларымен кездесулер де өтті. Қатысушылардың қатарында SINOMACH Digital Technology, Sinosoft, Beijing Guang'an Xuanguang Technology, Beijing Unihannto Technology, UCloud және Beijing Fengrun Shengjing Technology бар. Қазақстандық өңірлермен және IT-компаниялармен келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен жобалар мен бастамалар белгіленді.
«Біз халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды жекелеген шешімдер ретінде емес, Alatau City-дің бірыңғай цифрлық архитектурасының элементтері ретінде пайдалануды жоспарлап отырмыз. DEC40-пен ынтымақтастық бізге озық Smart City-технологияларын пилоттық форматта сынақтан өткізуге және қала одан әрі дамыған кезде ең тиімді шешімдерді масштабтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Баян Қоңырбаев.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев халықаралық технологиялық әріптестермен ынтымақтастық практикалық нәтижеге, бірлескен шешімдерді іздеуге, оларды пилоттық жобаларда сынақтан өткізуге және одан кейін ең тиімді технологияларды енгізуге бағытталуға тиіс екенін атап көрсетті.
Ынтымақтастықтың жеке бағыты тұрақты сараптама алмасу болады. Smart City Forum аясында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері үшін Бейжіңнің ақылды қалаларды дамытуға деген көзқарасына арналған тренинг өткізілді. Тараптар мұндай іс-шараларды онлайн және офлайн форматтарда, оның ішінде Қазақстанның өңірлерінде жалғастыруға келісті.
DEC40-пен ынтымақтастық Alatau City-дің заманауи цифрлық қалалық ортаны қалыптастыру және технологиялық шешімдерді жаңа қаланың базалық инфрақұрылымын құру кезеңінде енгізу тәсіліне сәйкес келеді.
Аңықтама ретінде: Цифрлық экономика қалаларының жаһандық альянсы (DEC40) 2025 жылдың шілдесінде Бейжіңнің бастамасымен Еуропа, Солтүстік Америка, Азия-Тынық мұхиты аймағы, Таяу Шығыс және Латын Америкасындағы 40-қа жуық серіктес қалалармен бірлесіп құрылды. Альянс Женевада тіркелген және цифрлық экономиканы дамыту, инновациялық технологиялар мен Smart City-шешімдерін енгізу үшін қалаларды, халықаралық ұйымдарды, компанияларды, ғылыми және білім беру мекемелерін біріктіреді. DEC40 бірқатар халықаралық ұйымдармен, соның ішінде халықаралық телекоммуникация одағымен (ITU), Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму ұйымымен (UNIDO), халықаралық сауда орталығымен (ITC) және БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институтымен (UNITAR) ынтымақтасады.
