Alatau City Authority (ACA) өкілдері 25 қарашадан 27 қарашаға дейін Сеулде өткен Korea FinTech Week 2026 халықаралық көрмесіне қатысты. Іс-шара аясында ACA Alatau City-дің цифрлық қаржы экожүйесін дамыту перспективаларын таныстырып, халықаралық финтех қауымдастығының өкілдерімен кездесулер өткізіп, есептеу қуаттарын токенизациялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Korea FinTech Week – қаржы институттары, технологиялық компаниялар, инвесторлар мен реттеуші органдар өкілдерін біріктіретін Корея Республикасының ең ірі финтех алаңдарының бірі. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясы (FSC) және Fintech Center Korea.

ACA өзінің көрме стендінде Alatau City-дің инвестициялық және технологиялық әлеуетін, арнаулы құқықтық режимнің ерекшеліктерін, цифрлық активтерді дамыту перспективаларын және бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін таныстырды.

25 қарашада ACA Цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асакаев «Alatau City: цифрлық қаржының жаңа аумағы» тақырыбында таныстырылым жасады. Ол қаланың цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыру тәсілін ұсынды; бұл тәсіл қала дамуының бастапқы кезеңдерінде цифрлық шешімдерді интеграциялауды көздейді.

Tokenization by Default («Әдепкі бойынша токенизация») тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Бұл тұжырымдама активтерді токенизациялау, блокчейн-төлемдерді енгізу, Web3 экономикасы мен жаңа қаржы құралдарын дамыту үшін жағдай жасауды көздейді. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп дайындалған «Tokenization by Default: Step 1» White Paper және цифрлық активтер үшін өзіндік реттеушілік ортаны қалыптастыру перспективалары да таныстырылды.

Таныстырылым барысында Арман Асакаев инвесторларды қорғау жөніндегі құрылып жатқан инфрақұрылым, оның ішінде Token Operation and Support Center (TOSC) іске қосылуы туралы айтты. Сондай-ақ ол жер активтерін, жылжымайтын мүлік нысандарын, инвестициялық жобаларды және есептеу қуаттарын токенизациялаудың әлеуетті бағыттарына тоқталды.

Сол күні ACA өкілі «Трансшекаралық төлемдер инфрақұрылымының деңгейлерін біріктіру» (Connecting the Layers of Cross-Border Payment Infrastructure) панельдік пікірталасына қатысты. Қатысушылар Ant International және Global Finance & Technology Network өкілдерімен бірге халықаралық төлем жүйелерін дамытуды, токенизацияланған есеп айырысуларды енгізуді және трансшекаралық операцияларда цифрлық қаржы құралдарын пайдалану перспективаларын талқылады.

Пікірталас барысында трансшекаралық есеп айырысулар мен корей финтех-компанияларымен ынтымақтастықты қоса алғанда, Alatau City-ді цифрлық қаржыны дамытуға арналған өңірлік алаң ретінде позициялау мүмкіндіктері таныстырылды.

26 қарашада көрме аясында Alatau City Authority мен NERO Chain графикалық процессорлардың (GPU) есептеу қуаттарын токенизациялау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа ACA Цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асакаев және NERO Chain операциялық директоры Пол Лэй (Paul Lei) қол қойды.

Ынтымақтастық GPU-есептеулерді цифрлық актив ретінде токенизациялау жөніндегі пилоттық жобаны пысықтауды көздейді. Жобаның болжамды көлемі – 5 млн АҚШ долларына дейін, іске асыру мерзімі – 2027 жыл. Техникалық кезеңнің басталуы 2026 жылға жоспарланған.

«Корея – әлемдегі ең дамыған финтех-нарықтардың бірі. Біз үшін Alatau City-ді цифрлық қаржы инфрақұрылымы қаланың өзінің дамуымен қатар қалыптасатын алаң ретінде таныстыру маңызды. Біз корей технологиялық компаниялары мен инвесторларын пилоттық жобаларды іске асыруға тартуға мүдделіміз. NERO Chain-мен ынтымақтастық – осы бағыттағы практикалық қадамдардың бірі, ол есептеу қуаттары саласында токенизацияны қолдануға мүмкіндік ашады», – деп атап өтті Арман Асакаев.

Korea FinTech Week 2026-ға қатысу Alatau City-дің инвестициялық және технологиялық әлеуетін ілгерілету, серіктестік байланыстар орнату және жаһандық цифрлық экономиканың қатысушыларын тарту жөніндегі халықаралық жұмыстың бір бөлігі болды.

Корей компанияларымен және әлеуетті серіктестермен одан әрі өзара іс-қимыл ACA-ның Корея Республикасындағы өкілдігінің жәрдемдесуімен жүзеге асырылады.

Alatau City Сеулде «Әдепкі бойынша токенизация» тұжырымдамасын таныстырдыAlatau City Сеулде «Әдепкі бойынша токенизация» тұжырымдамасын таныстырды