Alatau City токенизацияланған активтерді шығарылымдарын бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Central Asia Fintech Summit барысында «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы цифрлық экономика департаментінің директоры Арман Асақаев хабарлады.

«Alatau City: цифрлық қаржының жаңа аумағы» презентациясымен сөз сөйлеген Арман Асақаев Алатау қаласында цифрлық экономиканы қаланың физикалық инфрақұрылымымен қатар дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті. Бірыңғай модельге IoT-инфрақұрылымды, цифрлық егізді, токенизацияланған активтерді және жаңа қаржы құралдарын біріктіру көзделіп отыр. Цифрлық экономика қалыптастыратын кіріс болашақта қалалық инфрақұрылым мен есептеу қуаттарын дамытуға қайтарылуға тиіс.

Негізгі қағидаттардың бірі Tokenization by Default («әдепкі қалпы бойынша токенизация») болмақ. Тәсіл активті құрылымдау мен инвесторды қорғаудан бастап шығарылым, мониторинг және төлемдерге дейінгі стандартталған токенизация өмірлік циклін құруды көздейді.

«Біз үшін токенизация – цифрлық құралдармен жасалатын эксперимент емес, қаланың болашақ экономикалық инфрақұрылымының бір бөлігі. Біздің міндетіміз – нақты актив цифрлық нысанға ие болатын, ал инвестор өз құқықтарын иелену, бақылау және қорғау үшін ашық тетік алатын түсінікті әрі реттелетін жүйе құру. Алғашқы жобалар бұл модельдің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және оны болашақта қалай ауқымдауға болатынын көрсетуі тиіс», – деп атап өтті Арман Асақаев.

Бірінші кезеңде Alatau City девелоперлік жобалар және жалдау, тарифтер мен лизингтен түсетін түсімдерді қоса алғанда, расталған ақша ағындары бар жұмыс істеп тұрған активтер сияқты бағыттарды қарастырады. Алғашқы жобаларды іріктеу кезінде активтердің сапасына және ақша ағындарының ашықтығына ерекше назар аударылатын болады.

Болашақ жүйенің жекелеген блогы инвесторларды қорғауға байланысты. Ол үшін базалық активтерді сақтауды қамтамасыз етіп, токен ұстаушылардың құқықтарын қорғау архитектурасының элементтерінің біріне айналуға тиіс Token Operation and Support Center (TOSC) құру жоспарланған. Келесі кезең Alatau City-дің цифрлық активтер саласындағы өз реттеуін, оның ішінде шығару, сақтау, ақпаратты ашу және есеп айырысу қағидаларын қалыптастыру болмақ.

Болашақта Alatau City нақты активтерді, оның ішінде жылжымайтын мүлік, логистикалық инфрақұрылым және зияткерлік меншікті токенизациялаудың өңірлік орталығын қалыптастыруды, сондай-ақ Web3 пен цифрлық қаржы экожүйесін дамытуды көздеп отыр.

Саммит аясында сондай-ақ Alatau City Authority, ҚР Ұлттық Банкінің Цифрлық даму орталығы, Sinoasia сақтандыру компаниясы және BCC hub арасында токенизация саласындағы ынтымақтастық, стейблкоиндер нарығын реттеу және қаржы мониторингінде жасанды интеллектті қолдану туралы меморандумдарға қол қойылды.

Central Asia Fintech Summit 2026 Алматыда өтіп жатыр. Оның бағдарламасында қаржы нарығының болашағы, цифрлық активтер, экономиканы токенизациялау, жасанды интеллект, төлем технологиялары және финтех-индустрияны дамыту туралы пікірталастар бар.