Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының іскер топтарына Alatau City-ді жаңа буындағы урбанистік және экономикалық хаб ретінде таныстырды. Мемлекет басшысы Сеулде өткен Қазақстан-Корея дөңгелек үстелінде қаланың даму перспективалары мен корей серіктестерінің қатысуы туралы айтты.

Президент Alatau City озық өнеркәсіп салалары мен инновациялардың жаңа орталығы ретінде құрылып жатқанын атап өтті. Қаланың дамуы цифрлық технологияларға, жасанды интеллект пен заманауи инженерияға негізделеді.

«Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Корей бизнесінің қатысуы Alatau City-ді дамыту аясындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Жобаның таныстырылымы барысында Korea Overseas Infrastructure & Urban Development Corporation (KIND), KAIST және Korea Airports Corporation қатысуымен жүзеге асырылатын бастамалар ұсынылды.

Олар K-Smart Town жобасын, білім беру және R&D инфрақұрылымын, қалалық әуе мобильділігін дамыту, сондай-ақ цифрлық модельдеу және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағыттарын қамтиды.

Қалалық әуе мобильділігін дамытуға ерекше назар аударылуда. Таныстырылым аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэротаксиді пайдалануды көздейтін UAM/UTM қалалық әуе мобильділігін басқару жүйесі көрсетілді.

Жалпы, Alatau City қала құрылысы, білім мен зерттеулерді, өнеркәсіп пен логистиканы, цифрлық технологиялар мен инвестициялық ынтымақтастықты біріктіретін халықаралық платформа ретінде қалыптасуда.

Президент екі елдің іскер топтары өкілдерінің алдында сөз сөйлеп, қазақстан-корей экономикалық әріптестігін одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуетін атап өтті және корей компанияларын Қазақстанға белсендірек инвестиция салуға шақырды.

Мемлекет басшысы келтірген мәліметке сәйкес, Корея Республикасынан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 12 млрд доллардан асты, ал елімізде корей капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істейді.

«Қазақстан Үкіметі корей бизнесінің елімізге ұсынатын әрбір өзара тиімді бастамасына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.