Инфрақұрылым, инвестициялар және арнайы режим: Үкімет Алатау қаласының даму барысын қарады
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы Кеңесінің кезекті отырысында жаңа қаланы дамыту, арнаулы құқықтық режимді іске асыру, инфрақұрылымды дамыту және инвестициялар тарту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Қазіргі уақытта Alatau City инвестициялық пулы жалпы инвестиция көлемі шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын және 55 мыңға жуық жұмыс орнын құру әлеуеті бар 67 жобаға дейін ұлғайтылды. PepsiCo және Sunny Paper кәсіпорындары іске асырудың белсенді кезеңінде. Mars Petcare KZ, Griffin Logopark, «ДанаФлекс», G-Trans Service ірі өндірістік және логистикалық жобалары бойынша жұмыстар басталды. Жаңа қаланың флагмандық жобаларының бірі – Iconic Complex құрылысына дайындық жүргізілуде.
KIND K-Smart Town жобасын іске асыру алға жылжуда. Шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корей корпорациясының (KIND) басшылығымен корей консорциумы объектілерінің жалпы ауданы 5,3 млн шаршы метр болатын 330 га аумақты кешенді дамыту тұжырымдамасын әзірледі, инженерлік инфрақұрылым жоспары дайындалды. Мастер-жоспар мен техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау 2026 жылдың соңына дейін көзделген.
Инвестицияларды одан әрі тарту шеңберінде бірқатар жаңа ірі жобалар пысықталуда. Олардың қатарында тұрақты авиациялық отын өндіру және жасыл энергетика саласындағы Full Vision Capital жобалары, KAIST ғылыми институтының филиалын ашу, логистика, деректерді өңдеу орталықтары және цифрлық инфрақұрылым саласындағы CIMC жобалары, Sinomach жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешені бар. Жекелеген уағдаластықтар қазақстандық-корейлік бірлескен инвестициялық қор құруды, Hyundai Green Food өндірістік-логистикалық кешенін салуды, Iconic Tower жобасына Lotte Hotels & Resorts-ты тартуды, Doosan Enerbility-мен бірге энергетиканы, Korea Airports Corporation-мен бірге қалалық әуе ұтқырлығын, сондай-ақ Hyundai Motor Company-мен бірлесіп смарт-мобильділік пен сутегі технологияларын дамытуды қамтиды.
Кеңес отырысында қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет тиісті жол картасын іске асыруға 2026 жылы 35,3 млрд теңге бөлу туралы қаулы қабылдады. Барлығы 26 инфрақұрылымдық жоба көзделген. Электрмен жабдықтау саласында Кокпа-1 реконструкциясы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша алты жобаның бірі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау сатысында тұр, қалғандары бойынша мердігер ұйымдар айқындалды. Жол инфрақұрылымында 61,2 км орташа жөндеу және 15 км жаңа автомобиль жолдарын салу көзделген.
Тұтастай алғанда, инженерлік желілер, көліктік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылым озыңқы қарқынмен қалыптастырылатын болады. Осы жұмысты тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін Алатау қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Болашақта бұл бюджеттік қаржыландыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін, сондай-ақ жеке және квазимемлекеттік инвестицияларды ұштастыруды көздейді.
Сонымен қатар, Alatau City Authority арнайы құқықтық режимнің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті нормативтік құқықтық актілердің алғашқы пакетін әзірлеуде. Пакет бюджеттік режим және блоктық қаржыландыру, қала заңнамасы, заңды тұлғалардың қызметі, әуе мобильділігі, цифрлық активтер, валюталық, салықтық және кедендік реттеу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, кәсіпкерлік, бизнес-лицензиялау, жер қатынастары және басқа да бағыттар бойынша нормативтік құқықтық актілерді қамтиды. Ағымдағы жылғы 21 тамыздағы жағдай бойынша бюджеттік режим және блоктық қаржыландыру туралы акт бекітілді. Қала заңнамасы, заңды тұлғалар, әуе мобильділігі және цифрлық активтерді реттеу туралы актілердің дайындығы 80%-ды құрайды.
Alatau City-дің негізгі стратегиялық құжаттарын халықаралық ARUP Group және BCG компанияларын тарта отырып әзірлеу жалғасуда. Бүгінгі күні Alatau City стратегиялық құжаттарын әзірлеу, түзету және іске асыру тиімділігін бағалау әдістемесі бекітілді. Ұзақ мерзімді даму жоспарын қыркүйекте, ал Алатау қаласының Мастер-жоспары мен Даму стратегиясын ағымдағы жылдың желтоқсанында бекіту жоспарлануда.
Кеңестің алдыңғы отырысының шешімдерін орындау шеңберінде Alatau City Authority, әкімдік, аумақтық мемлекеттік органдар және қоғам өкілдерінің қатысуымен Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия және оның жанындағы жұмыс тобы құрылды. Бұрын тоқтатылған жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету қайта жандандырылды.
Alatau Crypto City-ді дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп «Tokenization by Default» тұжырымдамасы дайындалды. Токендеу жобаларына қатысуға қызығушылықты 43 халықаралық және қазақстандық компания растады. Жер активтерін, тауар активтерін және қойма үй-жайларын токендеуді, стейблкоиндердегі трансшекаралық және ішкі төлемдерді, сондай-ақ PropTech бағытын дамытуды қамтитын бес жобадан тұратын портфолио қалыптастырылды. 2026 жылдың соңына дейін жиынтық көлемі 10 млн АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін токендеу жобаларын іске қосу жоспарлануда.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр Alatau City-ді дамытудың негізгі бағыттары бойынша жобаларды одан әрі практикалық іске асыруды және белгіленген мерзімдерді сақтауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.



