Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Full Vision Capital негізін қалаушы доктор Питер Лимен кездесті. Келіссөздер барысында тұрақты қалалық даму, «жасыл» энергетика, көлік инфрақұрылымы және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.

Олжас Бектенов Қазақстан жоғары технологиялық салаларды дамыта отырып, «жасыл» энергетикалық өту саясатын жүйелі түрде іске асырып жатқанын атап өтті. Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру, зияткерлік энергетикалық шешімдерді енгізу, электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамыту, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып, заманауи қалалық инфрақұрылым құру жөніндегі жобалар қаралды.

Тараптар Алатау қаласын дамыту шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларына ерекше назар аударды. Күшіне енген «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң арнаулы реттеушілік тетіктерді және «бір терезе» қағидатын көздей отырып, инвесторлар үшін тұрақты әрі ашық жұмыс жағдайларын жасайтыны атап өтілді.

«Қазақстан Үкіметі жетекші халықаралық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік үшін ашық. Алатау қаласы технологияларды және сіздердің компаниялар тобыңыздың девелоперлік тәжірибесін оқшаулау үшін пилоттық алаңға айнала алады. Үкімет барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын», – деп атап өтті Премьер-Министр.

Өз кезегінде Henderson Land Development компаниясының Төрағасы және Басқарушы директоры, доктор Питер Ли Қазақстан Үкіметіне ашық диалог үшін алғыс білдіріп, елде инвесторлар үшін жасалған жағдайлар бірлескен жобаларды іске асыруға кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Алатау қаласының «жасыл» трансформациясын іске асыруда Қазақстан Үкіметінің серіктесі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Осы ынтымақтастықтың арқасында біз Алатауға және тұтастай Қазақстанға тұрақты қалалық дамудың жаңа халықаралық стандартын қалыптастыруға көмектесетін инновациялық технологияларды енгізуді көздейміз», – деп атап өтті доктор Питер Ли.

Келіссөздер қорытындысы бойынша «Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктері және Full Vision Capital компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат Қазақстанда тұрақты энергетика, экологиялық таза авиациялық отын өндіру және инновациялық энергетикалық технологияларды енгізу салаларындағы жобаларды іске асыру бойынша өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

Анықтама:

Доктор Питер Ли негізін қалаған Full Vision Capital «жасыл» экономика және озық технологиялар саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған инкубациялық платформа болып табылады. Компания интеллектуалды энергетикалық шешімдерге және заманауи экологиялық технологияларға маманданады.

Доктор Питер Ли акциялары Гонконг қор биржасында айналыста жүрген Henderson Land Group, The Hong Kong and China Gas Company Limited (Towngas) және Towngas Smart Energy Company Limited жария компанияларының төрағасы болып табылады.